Жақында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігі ҚР-дың Беларусьтағы құрметті консулдығымен бірлесе отырып, қазақтың ұлы жазушысы және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция ашты.
Онда үш блок бар, біріншісісі, жазушының өмірі мен шығармашылығына, екіншісі, қазақ халқының өмірі мен тұрмысына арналған, ал үшінші блок Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық тарихын арқау еткен.
Іс-шара 2009 жылдан бастап екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде М.Әуезов есімі берілген Минскідегі №143 орта мектеп қабырғасында өтті. Мектеп аумағында Ұлы Отан соғыс жылдарында Беларусь шекарасындағы шайқастарда қаза тапқан қазақстандықтардың ескерткіші ашылған.
Бүгінгі іс-шара әртүрлі байланыс салаларын нығайтудағы жұмыстардың жемісін беріп жатқанына дәлел бола алады және мектепке қазақтың ұлы жазушысының есімін беру – мемлекетаралық және ұлтаралық қарым-қатынасқа қосылған үлес. Беларусь пен қазақ халқы экономикалық қана емес, мәдени және рухани қарым-қатынаста ортақ мүддеге ие жақын халықтар, – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Беларусьтағы құрметті консулы Чермен Шоқанов.
Іс-шараға шығармашылық зиялы қауым, Беларусьтағы қазақ диаспорасының өкілдері, сондай- ақ жазушының ұлы Мұрат Әуезов қатысты.
Дереккөз: ҚазАқпарат


Тіркелу




