Сауалнама

At what level is your Kazakh?На каком уровне ваш казахский язык?Қазақ тілін қаншалықты меңгергенсіз?

Нәтижені қарау

Loading ... Loading ...
Тіркелу

Бағдат СӘМЕДИНОВА:Интернет әлемі арқылы шығармашылықты насихаттау үшін www.bagdat-s.kz сайтын аштым

Бағдат СӘМЕДИНОВА: Халыққа қалай да есеп беруіміз керек
- 4 ақпан күні шығармашылық есеп бергелі жатыр екенсіз. Бұл концерт жақында алған «Құрмет» орденінің құрметіне өте ме?
- «Қазақконцерт» өнер бір­лес­тігінің жылдық жоспары бо­йынша жүзеге асатын кезекті нау­қан. Бұл шара негізі, күзде қолға алынуы керек еді, бірақ ауырып қалғаныма байланысты кейінге шегерілген. Жаңа жылдың қызы­ғы басылғаннан кейін осы жос­па­рыма қайта кіріскен жайым бар. Оған орден алған қуанышым қосы­лып, бір-бірімен сәйкес келе кетті. Біраз кісілер өзің сияқты «орден алғаннан кейін, концерт қойғалы жатырсың ба?» деп сұрайды. Қалай болғанда да ор­ден алсақ та, алмасақ та халыққа есеп беруіміз керек. Амандық бол­са,
4 ақпан күні «Қазақкон­церт» за­лында жұртшылықпен жолы­ғамыз деген ойдамын.
- Кезекті дүние болғанымен, бағдарламаңызға атүсті қарамаған шығарсыз…
- Әрине, ең алдымен жаңа ән­дер жаздырып, репертуарым­ды толықтырдым. Құрманғазы атын­дағы Қазақтың мемлекеттік ака­демиялық халық аспаптар ор­кестрімен ән шырқаймын. Ұлттық классикалық өнердің майтал­маны, Мәдениет қайраткері Нұр­жан Жанпейісов домбырамен әуе­летіп, кеш көрігін қыздырады. Тағы басқа әріптестерім, сахна­дағы достарымның өнерін та­машалай аласыздар. Бағдарлама­да жастар желпініп билейтін әндер аз. Негізінен, халық әндері, пат­риоттық туындылар, лирика­лық шығармалар орындалады.
- Осындай марапат алған за­ман­дастарыңыз біраз уақытқа дейін ордендерін кеуделерінен шешпей, көпшілікке көрсетіп, көрімдік сұрап жүрді. Сіз қайттіңіз? Концертке та­ғып шықсам деген ойыңыз бар ма?
- Енді ол әшекей бұйым емес қой. Айтылса болды деп ойлай­мын. Атақ сахнаға шығар алдын­да азды-көпті жетістігіңді айту үшін ғана керек сияқты. Алған күні тақтық, сосын жылы жаптық. Дегенмен жүктейтін жауап­кер­шілігі үлкен екен. Көңілге бір ме­деу, «мені бағалап жатыр, ең­бегім еленді» деген бір сенім бе­реді. Сол құрметке лайық болу үшін әрі қарай да тынбай еңбек ете береміз. Кей кісілердің кеуде­сіне тағып алатынын өзім де көріп жүрмін. Мен үшін ыңғайсыздау дүние…
- Орден, атақ алған әріптес­теріңіздің арасында жаппай «жуу» басталған сияқты…
- Бар болса, жуғанға не жет­сін?! Үкімет бағалап, марапат бе­ріп жатса, достарыңмен атап өт­кенге жетер қуаныш бар ма?! Бірақ өз басыма келсем, «орден жуам» деген ойымда жоқ болатын. Құрбыларым, достарым «құтты болсын» айтып, үйге келмек бол­ды. Дәл сол кездері, желтоқсан айы­ның ішінде гастроль-кон­цертім көп болып кетті. Одан ке­йін жаңа жылдың қарбаласы бас­талды. Оларды «күте тұрың­даршы» деп тоқтатып қойып едім, туыстарым «Елдің бәрі алып жат­қан жоқ қой, сен неге мұны жу­майсың?» деп қолқалай бастады. Дос­тарым «Бізге де жақсылы­ғың жұғысты болсын, атап өт» деп ырымдауға көшті. Осы керемет сөз­дерге еріп кеттім. Сөйтіп, «же­тім қыздың тойындай» қылмай, бар­лығының басын бірге қосайын деп шештім. Әрі туған күнім жа­қындап қалған соң, сол күнге орай­ластырайық деп келістік.
- Тойдың көкесі сіздің ауыл­да екен ғой…
- Туған күнімді де дүркіретіп атап өтуге тырыспайтын едім. Отбасы, ошақ қасында, бала-шағаның, ағайын-туыстың орта­сында кішігірім ғана тойлайтын­быз. Өмірімде бірінші рет биыл көпшілікпен бірге өткізгелі тұр екенмін. Ешкімге «туған күнім» деп жариялаған жоқпын, біле бермейді. Негізгі басымдықты бәрібір сол орденге жасап отыр­мын.
- Дұрыс екен. Былтыр «www.bagdat-s.kz» сайтын ашқан едіңіз, мұндағы мақсат қандай?
- Интернет әлемі арқылы шығармашылықты насихаттауға тиімді деп кеңес берген бір аза­маттардың ақыл-кеңесімен ашқан едім. Оның үстіне, бұқа­ра­лық ақ­парат құралдары өкіл­деріне мен туралы керек деректері мен мағ­лұматтарды, фотосуреттерді сол жерден ала салғанға қолайлы болар дегенмін. Шығармашылық концерт, клиптерімді сонда жүк­теп қоймақ ойым болған. Ең қи­налатыным, өзім компьютер біл­меймін. Ашқанымды қайтейін, енді қолдағы материалдарды қа­лай енгізерімді білмей жүрмін. Әзірге мен туралы материалдар аз­дау. Бірақ алдағы уақытта бұл олқылықтар түзеледі.
- Биыл сіздің сахнада жүр­геніңізге 35 жыл толады екен…
- Расында, солай екен-ау. 1977 жылдың мамыр айында «Қа­зақконцертке» келген едім. Мен соны есептемеппін ғой, ол жай­лы ойланбаппын да. Еңбектің ада­мы­мын, жан-жағыма қарамай, көз­ді жұмып алып, жұмыс істей береді екенмін. Бұл концертті 35 жылдыққа қатыстырудың қа­же­ті жоқ.
Тіпті атап өту керек болып жат­са, күзге қарай, келесі жылы тал­пыныс жасармыз. Онда да де­меуші табылған жағдайда…
Республика сарайын жалға беру құны 5 миллион теңгеге өсіп­ті. Бұл қазақтың түсіне кір­мейтін баға. Сондықтан барлығымыз­ға кон­церт мәселесі қиындау бо­л­ып тұр. Жастар мүмкін демеуші табар, біз үлкен басымызбен сүмеңдеп, кімнен қайыр тілеп жүреміз? Біреуден бірдеме сұрауға ұяламыз. Ыңғайына қарай, кө­рерміз енді. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Осы кешімнің өзін әп-әдемі етіп өткізсем де үлкен олжа болар еді…