Қазіргі заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі – Қасым Аманжолов Сарыарқаның перзенті болғанымен, екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында біраз уақыт Жайық жағасындағы байырғы шаһар Оралда тұрған. Қайсар ақын үшбу қаладағы қазақ театрында және сол жылдары «Екпінді құрылыс» аталған облыстық газетте қызмет істеген (Бұл басылым қазір «Орал өңірі» деп аталады.) Өткен жұма күні ақын Қасым Аманжоловтың Орал қаласында соғысқа дейін тұрған үйіне (Карев көшесі, 69) ескерткіш тақта орнатылды.
- Қасым Аманжоловтай өр мінезді дауылпаз ақынның өлең-жыры халыққа рух беріп, жылдар бойы жұрт жадында жаңғырып келеді. Есімі әрқашан құрметпен аталатын ақынның өмірінің ең жарқын жылдары Жайық пен Шағанның жағасында өтіп, ең керім жырлары Оралда жазылған. Жалын жүрек ақынның бір кездері жалдап тұрған үйіне естелік-тақтаның орнатылуы, Жайық жұртының Қасым ақынға деген ерекше ықылас-ілтипатының бір куәсі, – деді салтанатты шарада сөйлеген сөзінде ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Тура сол күні бұрындары «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы болған Ғұмар Қараш көшесіндегі 14-үйдің қабырғасына да естелік-тақта ілінді. Бұл ғиамаратта 1932-1936 жылдары Қасым Аманжолов пен жалынды ақын, жерлесіміз Абдолла Жұмағалиев облыстық газет редакциясында бірге қызмет істеген. Қос ақынға арналған тақтаны ашу рәсімі ақын Қайрат Жұмағалиев пен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасовқа ұсынылды.
Абдолла ақын Ұлы Отан соғысындағы бір шайқаста жау қоршауында қалса да, бірнеше фашистің көзін жойып, ерлікпен қаза тапқаны аян. Аяулы досының жанқиярлық ерлігі хақында Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэманы жазғаны мәлім. Студент-жастар сол поэмадан үзінді оқыды.
- Абдолла ағамыз «Ей, адамзат дүниесі, көтерші бір басыңды» деп әлемдік деңгейде сөйлеген асқақ рухты, қаhарман ақын. Абдолла Жұмағалиев пен менің тағдырымның ұштасқан жері бар. Мен алғаш рет үкіметтен үй алғанда, Абдолла ағамыз тұрған Алматыдағы қазіргі Қонаев көшесінің бойындағы 29-үйге кірдім. Кейін «Жазушы» баспасында жұмыс істедім. Абдолла ақын да осы мекемеде еңбек еткен екен. Ержүрек Абдолла ақынның рухы халқымен бірге мәңгі жасасын! – деді ақын Қайрат Жұмағалиев.
Дереккөз: aikyn.kz


Тіркелу




