Әуесқой тарихшы Арнұр Ысқақов бастаған астаналық бір топ жас Қызылордаға аттанбақшы. Мұндағы мақсат – Қорқыт ата қолданған алғашқы қобызды табу. Зерттеушілердің ойынша, шырғай ағашынан жасалған бұл аспап уақыт сынына шыдас берген болуы қажет. «Қазір ол Қаратаудың Қызылорда облысына қарайтын бөлігінде орналасқан үңгірде жатуы мүмкін» дейді тарихшылар…
Қорқыт – түркі халықтарының ортақ ойшылы, жырауы, қобызшысы. Әлкей Марғұланның еңбектеріне сүйенсек, ол 7-8 ғасырда өмір сүргені туралы дерек бар. кей зерттеушілер Қорқыт сүрген ғұмырды – Х-ХІ ғасырларға таңады. Қалай болғанда да түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ретінде Қорқыттың әлемдік ақыл-ой мәдениетінде орны ерекше зор. Ол жайлы бүгінге жеткен аңыздар да көп. Оларға сенсек, өлімнен қашып, дүниені кезсе де, көрден құтыла алмаған Қорқыт Сыр өңіріне қайта оралып, шырғай ағашынан алғашқы қобыз аспабын әзірлейді. Бұл қобыздың қасиеті сондай – ол кез келген аурудан айықтырып, жаңбыр шақырып, тіпті уақытты тоқтата да алатын күшке ие. Демек, мұндай күшке ие құдіретті аспап жоқ болып кетуі мүмкін емес. Міне, осындай ұстанымды алға тартқан Арнұрдың тобы Қорқыттың қобызын қалай да тауып, оны мемлекет қоржынына тапсырмақ.
- Біздің шамалауымызша, қобыз қазір Қызылорда облысында орналасқан Қорқыт ата ескерткішінен 300 шақырым қашықтықтағы Қаратау үңгірлерінің бірінде жатыр. Аңыз-адам дүниеден өткеннен кейін бұл аспап таудағы пұтқа табынатын орында сақталған. Адамдар қобыздың құдіретінен қорқып, оған жоламаған. Біздіңше, қобыз сол күйі сақталып қалған болуы тиіс, – дейді А.Ысқақов.


Тіркелу




