Бүгінде тойға бармайтын әнші жоқ! Шоу-бизнес әлеміндегі «жұлдыздарымыз» негізгі нәпақасын «той-бизнестен» тауып жүргендерін өздері де жасырмайды. Алайда, «шақырған жерден қалмаймыз» деп ақталатын олар тойдағы «ставкаларын» құпия ұстағанды жөн көреді екен. Дегенмен… «Жұлдыздардың» «қанша тұратындығын» зерттеп, сыр суыртпақтап көрген едік.
Әсем әндерімен тыңдарманының құлақ құрышын қандыратын «МұзАрт» тобы 10 000 долларға тойыңыздың сәнін келтіреді. «А-Студио» тобының экс-солисі Батырхан Шүкеновтің де ең төменгі «гонорары» осы мөлшерде. Эстрада саңлақтарының бірі – Роза Рымбаеваны «қонаққа» шақырғыңыз келсе, 7000-8000 доллар төлесеңіз болғаны. «Кем дегенде, 1000 долларға келісемін» дейтін Мақпал Жүнісова апамыздың «бағасы» – 700 мың теңгеден жоғары. «Абдулла» – Нұрлан Абдуллинге де шамамен осындай ақша керек.
«Көк жәшіктегі» шоулардан түспейтін Нағима Есқалиеваның өнеріне ғашық болсаңыз, 600 мың теңге санап бересіз.
Тоқтар Серік қуанышыңызға ортақ болсын десеңіз, 5000 долларға келісуге болады. «Жұлдызды жұптың» жұбайы – Бейбіттің де дауысын естігіңіз келсе, 2000 доллар қосасыз. Ал, «дағдарысқа» байланысты «бағасы» да өсіп отыратын Бейбіт Қорған 5000 доллар ақы сұрайды.
Этнорок стилін күллі әлемге паш етіп жүрген «Ұлытау» тобының тойына келіп, құттықтағанын қаламайтын жан жоқ шығар?! 8000-10000 шамасында «жасыл қағазға» жоба продюсері Қыдырәлі Болманов бірге келіп ән салуға дайын көрінеді.
Ал, «ескірмеген махаббаттың» жыршысы Ескендір Хасанғалиевтің өз аузынан ақ лебіз естіп, ән тыңдауға 450 мың теңге жетіп қалады.
Жас та болса, ел арасында хит әндерімен кеңінен танымал Қайрат Нұртастың «ставкасын» продюсер анасы шешетін көрінеді. Негізі 2000 долларға 5-6 ән шырқап кететін Қайрат көңілін тапсаңыз, 1000 долларға да өнер көрсетуге кет әрі емес. Ал, Сырым Исабаевтың орташа бағасы – 1000 доллар.
Өзі айтпақшы, «сайрауы да, ойлауы да дара» «суперстарлық» Мақпал Исабекова 4000 доллардың маңайында қаржы талап етеді. Көрікті бикеш Мәдина Сәдуақасова сіздің тойыңыз күні өзге жоспарлары болмаса, 2000 долларға кешіңіздің сәні болуға даяр.
Астаналық «Бәйтерек» тобын –1500 доллар, Маржан Арапбаеваны – 100 мың теңге, Досымжан Таңатаровты 800 долларға шақыра аласыз. «Дабыл» дуэті мен әнші Дос 500 долларға келіседі.
«Тойды төңкеретін де, көмкеретін де – асаба». Той қамына кіріскенде асаба таппай қиналсаңыз, елордалық әнші-композитор Қайрат Баекенов 6000 долларға шоу-бағдарламасымен қуанышыңыздың жақсы өтуін өз мойнына алады. «Модный супертамада» деген халық берген «атағы» қоса бар әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен әнші Заттыбекке 2500-5000 доллар жұмсайсыз.
Қысқасы, табыс көзі қазақтың тойымен астасып жатқан әншілеріміздің қазіргі жағдайы – «бас аман болса, шаш өсер». Сондықтан да олардың ай сайынғы табысын дөп басып айту қиын.
P.S. Шетелдік БАҚ-тарда Қазақстан әлемдік шоу жұлдыздарын шақырудан да алдына жан салмайтыны жиі айтылып жүр. Олардың ақ дидарын бір көріп қалу үшін қанша сома болса да төлеуге даяр қазекемнің тойы оларсыз өтпейтін болды. Мәселен, биыл бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінде болатын он жаңажылдық кештің бесеуі бізде өткенін өткен санымызда (№2, «Стинг құрлы болмады-ау?!») жазған болатынбыз. Кэти Пери, Джей Ло, Бейонсе,Уитни Хьюстон сынды белгілі есімдер 1,5-2 млн.долларымызды қағып кетсе, үнемі «қонаққа» келіп жүретін Киркоровқа 150000 еуро төлегеніміздің өзі неге тұрады?! Әнебір ағамыздың қызының туған күніне келген Ургант 100 мың еуроны қалтасына басты деп естідік…
Абайша айтсақ, «ит жегенше, Қондыбай, Қанай жесін» дейтін күн келген сияқты…
Жібек ЕСІМ


Тіркелу




