Сауалнама

At what level is your Kazakh?На каком уровне ваш казахский язык?Қазақ тілін қаншалықты меңгергенсіз?

Нәтижені қарау

Loading ... Loading ...
Тіркелу

Ер Төстік тірі екен…

Алматыда жаңа ертегі дүниеге келді. «Ер Төстік – 2» деп аталады. Авторы – Хамит Аманкелді есімді мектеп оқушысы. Бірақ «бұл Төстік ол Төстіктен өзгерек». Хамиттің кейіпкері ХХІ ғасырда өмір сүреді. Ұялы телефон ұстайды, Шалқұйрықтың орнына көлік мінеді. Қызығы, Төстікпен бірге Саққұлақ, Таусоғар, Желаяқтар да бүгінгі заманда әлі өмір сүріп жатыр екен. Хамит оларды тағы да ғажайып оқиғаларға жолықтырады, қиын да қызық сапарларға аттандырады…

Әлбетте, мектеп оқушысының «шедеврі» халықтың «Ер Төстігінен» асып түспек емес. Бізді қызықтырғаны – Хамит пен ұстазы Гүләйна апайдың алға қойған мақсаттары болып отыр. Әдебиетке бір табан жақын балаға осындай жаңа заманға лайық ертегі жазуға тапсырма берген де осы Гүләйна апайы екен. Оның айтуынша, бүгінгі техника заманының балалары қазақтың халықтың ертегілерін бірден ұғына алмайды. Өйткені көнекөз қариялардың өзі сирек айтатын ертегілерінде баяндалған оқиғалар мен өздері күніге көретін нәрселері – мүлде екі бөлек әлем.

- Расын айту керек, біздің буын ертегі тыңдап өскенімен, қазіргі балалар оны керек етпейді. Өйткені теледидарда неше түрлі анимациялық мультфильмдер көрсетіледі. Олардың бәрі дерлік шетелдікі, оларда ешқандай ұлттық нақыш жоқ. Ал сол балаларға ұлтымыздың Ер Төстік, Жалғыз көзді дәу, Ақжан батыр сынды ертегілерін әңгімелесек, баланың қабылдауына тым ауыр соғады. Жануарлар туралы ертегілерді қабылдауы мүмкін, ал бүгінгі заманнан мүлде алыс Желаяқ, Таусоғарлардың өмірі, жерасты Бапы ханның патшалығы – ХХІ ғасыр балаларының пайымына лайық емес. Сол үшін де Хамитпен бірге қазақ ертегілерінің бүгінгі заманға сай жаңғыртылған үлгілерін жасап жатырмыз. Егер ойымыз жүзеге асса, кейін кітап етіп жинақ жасау ойда бар. Анимациялық фильмдер түсіруге болады. Бұл – енді келешектің жұмысы. Ал ең бастысы – Хамиттің «Ер Төстігін» оқыған бала «Ал шынайы Төстік бұрынғы заманда қандай батыр болды екен?» деген ойға қалып, оның түпнұсқа ертегіні оқуға құштарлығы оянады деген ойдамыз. Қазір ертегіні мектепте біраз балаға оқыттық, олардың біразы кейін халықтың «Ер Төстігін» де оқып шыққандарын айтты, – дейді Гүләйна Сәбденова.

Қазір ұстаз-оқушы дуэті «Желім батыр» ертегісінің жаңа нұсқасын жазуға кірісіп кетіпті. Мұнда да Желім батырдың бүгінгі ұрпақтары халық жауларымен күресіп, әлсіздерге пана болады. Жаңа заман ертекшілерінің бастамасы орынды-ақ. Өйткені «Айқын» бетінде қазақ ертегілерінің бүгінгі мүшкіл халі жайлы бұрын да мәселе көтергенбіз. Сонда белгілі қаламгер Сұлтан Қалиұлы: «Қазірде қазақ халқы, әлем халқының ертегілері том-том, жинақ болып шығып жатыр, оған шүкірлік. Бірақ сол кітаптардың ауылдарға жетпей жатқаны тағы шындық. Таралым деген өте аз, осыны реттеудің жүйесі бір табылмай отыр. Бұған қоса, жаңа заманға лайық ертегілер де аздық етеді. Одан гөрі орысша жүріп жатқан мультфильмдерді тамашалауға құмартады. Оның кейіпкерлері – шетелдікі, олардың қасында қазақтың жезтырнақтары жолда қалады. Жаңа заманға лайық қазақ ертегілері мен мультфильмдерін қатар көбейтсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ал жазушыларды балалар әдебиетіне тарту үшін тұрақты түрде жақсы ертегіге бәйге ұйымдастырса, жөн болмақ» деген пікірімен бөліскен-ді.

Білікті әдебиетші айтқандай, қазіргі балаларды елтіп әкететін ертегілер көбірек керек боп тұр. Бір қуанарлығы – қазір қазақ ертегілерінің аудио, бейненұсқалары көбеюде. Әсіресе, Шымкенттік «Жебе» студиясының қазақ ертегілерінен көптеп мультфильм түсіріп жатқан жобалары құптарлық. Өкініштісі, ол фильмдердің ел арналары эфирінен өте сирек көрсетілуі болып тұр. Тағы бір қуанышты жайт, қазақ халық ертегілеріне құралған анимациялық бейне-ойындар да көбейді. Олар да жаңа заманға сай. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері қойылып, ондай айтылатын дүниелер бүгінгі қоғамнан көрініс тауып жатыр. Мәселен, «Ер Төстік» ертегісіндегі Самұрық құстың бәйтерегі қазір Астанада бар – «Бәйтерек» кешені. Міне, Хамиттің Төстігі де ертегідегі сапары барысында осы Астанадағы Бәйтерекке соғады. Осындай бүгінгі бала санасына лайық элементтерге ие ертегілер көбейсе, жас буынның көкірегі ояу, танымы кең болып өсер еді…

Дереккөз: аikyn.kz