- 400 орынға арналған 6 залдан тұратын кинотеатр «BekmambetovCinema» деп аталатын болады. Ол қаланың қақ ортасындағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасады. Репертуарды кино мэтрі Т.Бекмәмбетовтің өзі таңдайды, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
«Жаңа кинотеатрдың ерекшелігі дизайны мен функионалдылығында болмақ» деп хабарлайды арна тілшілері. Атап айтсақ, залдағы отырғыштардың артындағы қалталарға 3D-көзілдірік, 1 айға арналған фильмдер репертуары, тіпті жапқыштар салынады. Ал кинотеатр барларынан енді залдан шықпай-ақ, кино көріп отырып тапсырыс жасауға болады.
Теларнаның хабарлауынша, дәл осы жерде белгілі режиссер эксклюзивті тұсаукесер және тұсаукесер алдындағы көрсетілімдерді өткізеді. Сондай-ақ киносыншылар мен киносүйер қауыммен кездесулер өткізіп, онда кинодағы жаңа тенденциялар жайлы айтады.
«Ол жабық киноклуб емес, коммерциялық кинотеатр болады. Онда ортақ прокаттағы фильмдердің барлығы дерлік көрсетіледі. Сондай-ақ Тимурдың өзі таңдаған туындылары ұсынылады. Кинотеатр интерьері де қайталанбас үлгіде, басым бөлігі авторлық дизайнмен жасалған. Кинотеатрға келген көрермендер дыбыс пен бейне сапасын бірден байқауы тиіс», – дейді «BekmambetovCinema» жобасының жетекшісі Индира Бимахан.
Кинотеатрдың ашылуы наурыз айына белгіленген. Ал оның билеттерін енді ғаламтор желісі арқылы сатып алуға болады.
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. BAQ.kz


Тіркелу




