Екі жылдық үзілістен соң қазақ сатира театрларының қос қызғалдағы, «Тамашаның» екі еркесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлбаушан Тілеубекова мен Данагүл Темірсұлтановалардың жеке отауы «Аққу-Гәкку» әзіл театры көрерменімен қайта қауышқалы отыр. 2012 жылдың 2-наурыз күні, 19.00-де, Алматыдағы Студенттер сарайының сахнасында осы отаудың жаңа әзіл-қалжыңға толы думанды кеші өтеді. Қызықты кеш Халықаралық әйелдер күніне арналады.
Көрермен қауым «Ерке сылқым», «Алып қашу операциясы», «Ұялы телефонның үйдей бәлесі», «Таныс шапан» сияқты жаңа қойылымдарды көріп тамашалайтын болады. Бұл думанға Мақпал Жүнісова, Қаракоз Тілеубекова, «Ару ана» тобы және басқа да өнер жұлдыздары қатысады.
«Аққу-Гәкку» театрының режиссері және авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев: «Бұл күлкілі думан барлық театрлар мен шоу бағдарламалардан өзгеше, ерекше болады. Халық өзінің сүйікті актерларын сағынып қалды, сол сарыла күткен сағынышты алдамауға бел байлап отырмыз» – дейді.
«Аққу-Гәкку» театры сонымен қатар Талдықорған, Тараз, Ақтау қалаларына да гастрольдік сапармен бармақшы. Астана көрермендері жаңа бағдарламаны күлкі күні көретін болады.
«Аққу-Гәкку» думанында кездескенше, ағайын!
Дереккөз: baq.kz


Тіркелу




